Курс туралы
«Әлеуметтану» курсы қоғамның әлеуметтік жағдайын теориялық тұрғыдан түсіндіруге, сипаттауға және жүйелеуге, сондай-ақ тәжірибелік зерттеулер арқылы әлеуметтік деректерді жинауға және талдауға мүмкіндік береді.
Қоғам күрделі әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастар жүйесінен тұрады. Бұл байланыстар серіктестік пен ынтымақтастыққа негізделіп, қоғамның дамуына ықпал етуі немесе қарама-қайшылықтар мен дау-жанжалдар туындатуы мүмкін. Әлеуметтану түрлі әлеуметтік байланыстардың қалыптасу заңдылықтарын түсіндіреді және әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдарын айқындауға көмектеседі.
Курсты оқу барысында білім алушылар тұлға мен отбасының әлеуметтенуін, әлеуметтік құрылым мен теңсіздікті, девиантты мінез-құлықты, дін мен мәдениетті, этнос пен ұлтты, масс-медиа мен ақпараттық технологияларды, жаһандану, еңбек, денсаулық, урбанизация және әлеуметтік өзгерістерді әлеуметтанулық тұрғыдан талдайды.
Курстың академиялық презентациясы
| Курстың бағыты |
Қоғамдық құбылыстарды, әлеуметтік құрылымдарды, институттарды, үдерістер мен өзгерістерді теориялық және эмпирикалық тұрғыдан талдау |
| Құрылымы |
15 тақырыптық апта |
| Оқыту әдістері |
Проблемалық дәрістер, әлеуметтанулық кейстерді талдау, пікірталас, сауалнама мен бақылау элементтері, эссе, тест және өзіндік жұмыс |
| Бағалау жүйесі |
Test — 20%; Essay — 30%; Final test — 50% |
| Қалыптасатын дағдылар |
Әлеуметтанулық ойлау, зерттеу мәселесін тұжырымдау, деректерді жинау және түсіндіру, әлеуметтік үдерістерді салыстыру, дәлелді қорытынды жасау |
Курстың мақсаты
Әлеуметтік сала теорияларын, әдістерін және әлеуметтанулық зерттеулерді жүргізу ерекшеліктерін талдау арқылы әлеуметтану теориясы мен практикасы туралы жүйеленген білім негіздерін игеру қабілетін қалыптастыру.
Курстың міндеттері
- Әлеуметтанудың объектісін, пәнін, негізгі категорияларын, теориялары мен тарихи даму кезеңдерін меңгеру.
- Әлеуметтанулық зерттеулерді ұйымдастыру және алғашқы ақпаратты жинау әдістерін қолдану дағдыларын қалыптастыру.
- Қоғамның әлеуметтік құрылымын, тұлға мен отбасының әлеуметтену ерекшеліктерін талдау.
- Девиация, мәдениет, дін, этнос, білім, теңсіздік және масс-медиа құбылыстарын әлеуметтанулық тұрғыдан түсіндіру.
- Жаһандану, еңбек, денсаулық, урбанизация және әлеуметтік өзгерістердің қоғамға әсерін бағалау.
Күтілетін оқу нәтижелері (ОН)
- ОН 1. Әлеуметтану ғылымының зерттеу ерекшеліктерін айқындау негізінде зерттеулерді ұйымдастыру және алғашқы мәліметтерді жинау әдістерін еркін қолдану.
- ОН 2. Қоғамның әлеуметтік құрылымына қатысты нәтижелерді жинақтау арқылы тұлға мен отбасының орны мен әлеуметтену ерекшеліктерін негіздеу.
- ОН 3. Девиацияның қалыптасу жағдайларын талдау нәтижесінде оларды реттеудегі және қоғамдық сананы дамытудағы әлеуметтік институттардың маңызын көрсету.
- ОН 4. Жаһандану жағдайындағы теңсіздіктерді айқындау және ақпараттық қоғамның олардың қалыптасуына әсері туралы әлеуметтанулық қорытынды жасау.
- ОН 5. Қоғамдағы модернизациялық өзгерістер мен урбанизация үдерісін талдау негізінде олардың халықтың әлеуметтік денсаулығының сапалық көрсеткіштеріне әсерін бағалау.
ОН-ге қол жеткізу индикаторлары
ОН 1 индикаторлары
- ЖИ 1.1. Базалық әлеуметтанулық категориялардың мазмұны мен мәнін анықтайды.
- ЖИ 1.2. Негізгі әлеуметтанулық теорияларды түсіндіреді.
- ЖИ 1.3. Әлеуметтанулық зерттеу түрлері мен ақпарат жинау әдістерінің мүмкіндіктерін сипаттайды.
ОН 2 индикаторлары
- ЖИ 2.1. Қоғамның таптық, кәсіби, аймақтық және демографиялық құрылымын жүйелейді.
- ЖИ 2.2. Тұлғаның әлеуметтену ерекшеліктерін сипаттайды.
- ЖИ 2.3. Отбасының әлеуметтік институт ретіндегі рөлі мен маңызын негіздейді.
ОН 3 индикаторлары
- ЖИ 3.1. Девиантты мінез-құлық түрлерін ажыратады және олардың себептерін түсіндіреді.
- ЖИ 3.2. Дін мен мәдениеттің қоғамдағы ынтымақтастықты қалыптастырудағы рөлін айқындайды.
- ЖИ 3.3. Этноәлеуметтенудің азаматтық қоғамдағы өзгерістерін саралайды.
ОН 4 индикаторлары
- ЖИ 4.1. Білімнің әлеуметтік теңсіздікке әсерін айқындайды.
- ЖИ 4.2. Масс-медиа мен ақпараттық технологиялардың қоғамдағы мүмкіндіктері мен ықпалын бағалайды.
- ЖИ 4.3. Жаһандану тұжырымдамаларын түсіндіреді және олардың әлеуметтік теңсіздікке ықпалын талдайды.
ОН 5 индикаторлары
- ЖИ 5.1. Халықтың физикалық және психикалық денсаулығын бағалау өлшемдерін әзірлейді.
- ЖИ 5.2. Урбанизация үдерісінің жетістіктері мен проблемаларын тұжырымдайды.
- ЖИ 5.3. Модернизациялық және инновациялық өзгерістерді талқылайды және бағалайды.
Силлабус
Силлабус 15 тақырыптық аптадан тұрады.
| Апта |
Тақырып |
| 1 |
Әлеуметтану ғылымы, оның объектісі мен пәні |
| 2 |
Әлеуметтану ғылымының тарихи қалыптасуы мен дамуы |
| 3 |
Әлеуметтанулық зерттеудің түрлері мен әдістері |
| 4 |
Қоғамның әлеуметтік құрылымы әлеуметтануы |
| 5 |
Тұлға әлеуметтануы |
| 6 |
Отбасы әлеуметтануы |
| 7 |
Девиантты мінез-құлық әлеуметтануы |
| 8 |
Дін, мәдениет және қоғам |
| 9 |
Этнос және ұлт әлеуметтануы |
| 10 |
Білім және әлеуметтік теңсіздік |
| 11 |
Масс-медиа және ақпараттық технологиялардың қоғамдағы рөлі |
| 12 |
Экономика, жаһандану және еңбек |
| 13 |
Денсаулық пен медицинаның салауатты өмір сүруге әсері |
| 14 |
Халық, урбанизация және қоғамдық қозғалыстар |
| 15 |
Әлеуметтік өзгерістердің бағыттары мен перспективалары |
Пререквизиттер және постреквизиттер
| Пререквизиттер |
Әлеуметтану тарихы; Әлеуметтанудың әдіснамасы мен әдістері. |
| Постреквизиттер |
Салыстырмалы социология. |
Білімді бақылау жүйесінің спецификациясы
Білімді бақылау жүйесі ағымдық және қорытынды бағалауды біріктіреді. Барлық компоненттер 100 балдық шкала бойынша бағаланып, жүйеде белгіленген салмағына сәйкес қорытынды бағаға енгізіледі.
| Бақылау түрі |
Мазмұны |
Өткізу мерзімі |
ОН |
Салмағы |
| Test |
Негізгі ұғымдар, теориялар, зерттеу әдістері және тақырыптық материал бойынша жабық және ашық сұрақтар. |
Курс барысында |
ОН 1–ОН 4 |
20% |
| Essay |
Таңдалған әлеуметтік мәселені теориялық ұғымдар мен деректер негізінде талдайтын құрылымдалған академиялық эссе. |
Оқу кестесіне сәйкес |
ОН 2–ОН 5 |
30% |
| Final test |
Курстың барлық тақырыптары бойынша білімді, түсінуді және әлеуметтанулық талдау дағдыларын тексеретін қорытынды тест. |
Курс соңында |
ОН 1–ОН 5 |
50% |
| Барлығы |
100% |
Бағалау құрылымы
| Тапсырма түрі |
Салмағы |
Баға |
Өлшенген баға |
| Test |
20% |
0% |
0% |
| Essay |
30% |
0% |
0% |
| Final test |
50% |
0% |
0% |
| Барлығы |
100% |
— |
0% |
Қорытынды баға формуласы: Test × 0,20 + Essay × 0,30 + Final test × 0,50.
Бағалаудың жалпы критерийлері
| Деңгей |
Нәтиженің сипаттамасы |
Қорытынды балл |
| Өте жақсы |
Материалды толық және жүйелі меңгерген; әлеуметтанулық ұғымдар мен теорияларды дұрыс қолданады; деректерді талдап, дәлелді әрі дербес қорытынды жасайды. |
90–100 |
| Жақсы |
Материалды жеткілікті меңгерген; негізгі ұғымдар мен теорияларды қолданады; талдауы негізді, бірақ жекелеген дәлсіздіктер немесе толық ашылмаған тұстар бар. |
75–89 |
| Қанағаттанарлық |
Негізгі мазмұнды ішінара түсінеді; талдау мен дәлелдеуде олқылықтар бар; қорытындылар жеткіліксіз негізделген. |
50–74 |
| Қанағаттанарлықсыз |
Негізгі ұғымдар мен мазмұнды меңгермеген; елеулі қателер жібереді; тапсырма орындалмаған немесе талаптарға сәйкес келмейді. |
0–49 |
Бағалау компоненттерінің критерийлері
| Компонент |
Критерий |
Критерий салмағы |
| Test |
Жауаптардың дұрыстығы және тапсырмаларды орындау дәлдігі |
50% |
| Әлеуметтанулық ұғымдар мен теорияларды түсіну |
30% |
| Жауаптардың толықтығы және белгіленген уақытты сақтау |
20% |
| Essay |
Әлеуметтік мәселені анықтау және әлеуметтанулық талдау тереңдігі |
30% |
| Теориялық ұғымдар мен деректерді орынды қолдану |
25% |
| Аргументацияның қисындылығы және қорытындылардың негізділігі |
25% |
| Құрылымы, академиялық тіл және рәсімдеу талаптарын сақтау |
20% |
| Final test |
Негізгі ұғымдар мен категорияларды білу |
35% |
| Теорияларды түсіну және әлеуметтік жағдайларға қолдану |
30% |
| Курс тақырыптарын кешенді меңгеру |
25% |
| Жауаптардың логикалық және терминологиялық дәлдігі |
10% |
Бағалау компоненттерінің оқу нәтижелерімен сәйкестігі
| Оқу нәтижесі |
Test |
Essay |
Final test |
| ОН 1. Әлеуметтанулық зерттеулер мен әдістер |
✓ |
— |
✓ |
| ОН 2. Әлеуметтік құрылым, тұлға және отбасы |
✓ |
✓ |
✓ |
| ОН 3. Девиация және әлеуметтік институттар |
✓ |
✓ |
✓ |
| ОН 4. Жаһандану, теңсіздік және ақпараттық қоғам |
✓ |
✓ |
✓ |
| ОН 5. Модернизация, урбанизация және әлеуметтік денсаулық |
— |
✓ |
✓ |
Курс авторлары
Абдикерова Гүлнапис Орынбасар қызы
(30 қыркүйек 1966 ж. – 30 тамыз 2023 ж.)
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры лауазымын 2023 жылдың 30 тамызына дейін атқарған.
Тұлға әлеуметтануы, саяси әлеуметтану және әлеуметтік антропология, әлеуметтік үдерістерді жобалау және модельдеу, қоғамның жаңаруы жағдайындағы тұлғаның әлеуметтенуі, жаһандану жағдайындағы модернизациялық өзгерістердің мәнін зерттеумен айналысады. 200-ден астам ғылыми еңбектердің, 20-дан астам оқулық, оқу құралдары мен сөздіктердің авторы.
2018 жылы «Рухани жаңғыру» Ұлттық бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына қатысып, ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған Джордж Ритцер, Джеффри Степницкийдің «Sociological Theory» (Әлеуметтану теориясы) кітабына аудармашы ретінде қатысты. Сонымен қатар осы бағдарлама аясында 2020 жылы ағылшын тілінен аударылған Мари Конноли Луиз Хармс, Джейн Майдменттің «Social work contexts and practice» (Әлеуметтік жұмыс негіздері және практикасы) кітабының ғылыми редакторы болды.
ҚРБжҒМ «Жоғары білім жүйесі мен жұмыс берушілердің интеграциясы оқу орнын бітіруші түлектердің кәсіби мобильділігінің маңызды шарты ретінде» (2015-2017жж.) ғылыми жобасының жетекшісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің, Алматы қаласы қоғамдық қорларының 20-дан аса жобаларының қатысушысы болған.
Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің 75, 80 жылдық құрмет белгілерінің иегері атанған. ҚР білімінің құрметті қызметкері (2011), ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері (2011), Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкері» байқауының жеңімпазы (2021) атанған.
Гүлнапис Орынбасарқызы, оқытушы, ғалым және профессор ретінде үлкен беделге ие болған. Есіміңіз әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы, факультет, университет тарихында және жарқын естеліктеріңіз шәкірттеріңіз бен ұжымдастырыңыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Садырова Мәнсия Сапарғали қызы
Социология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры. Докторлық диссертациясын 1998 жылы «Қазақстан интеллигенциясының әлеуметтік-кәсіби мобильдігі» атты тақырыпта қорғады. Әлеуметтану бойынша 200-ден аса ғылыми еңбектердің, соның ішінде 5 монографияның, 12 оқу құралының, 3 әлеуметтанулық сөздіктің авторы. 10 томдық «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» жинағына қатысты. 2006 жылғы ҚР БҒМ-нің «үздік оқытушысы» грантын иеленушы. Екі тілде дәріс оқиды. Қазақ тілінде әлеуметтанудың оқу пәні және ғылым ретінде дамуына елеулі үлес қосуда. 2004 жылы «ҚР ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белғісімен марапатталдыы. 8 ғылым докторын, 4 ғылым кандидатын, 2 PhD доктор дайындады.
Интеллигенцияның, жастардың әлеуметтік-кәсіби мобильділігін, қазақстандық қоғамның әлеуметтік стратификациясын, әлеуметтік топтардың мотивациялық құрылымын, білім беру әлеуметтануының мәселелерін зерттеу бойынша қызметтік тәжірибесі бар. «Мәдени мұра» (2007-2009 ж.ж.), «Жастардың тілдік әлеуметтенуі» (2006-2009ж.ж.) ҚР БжҒМ Гранты, «Қазақстанның демографиялық жағдайын қалыптастырудағы түрлі ұлттар миграциясының рөлі» (2008ж.) ҚР мәдениет Министрлігінің Гранты, «Әлеуметтанудың және саясаттанудың өзекті мәселелері» жобасы Абай атындағы Қаз ҰПУ Гранты (2010 ж.); «Ғылыми қазына», Ғылым академиясы жобасы (2012-2014ж.ж.). «Жоғары білім жүйесі мен жұмыс берушілердің интеграциясы ЖОО-ы түлектерінің кәсіби мобильділігінің маңызды шарты ретінде» (2015-2017ж.ж.) ҚР БжҒМ Грантының қатысушысы; «Жастардың кәсіби потенциалы ҚР-да интеллектуалдық ұлт қалыптастыру тұрғысынан: аймақтық социологиялық зерттеу» (2015-2017 г.г.) ҚР БжҒМ Гранты – жоба жетекшісі.
msadirova58@gmail.com
Сәрсенова Әсел Берік қызы
Ph.D (Әлеуметтану мамандығы бойынша) докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының доцент міндетін атқарушы. 2018 жылы «Жоғары оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасу стратегиясын салыстырмалы талдау: аймақтық аспект» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Әлеуметтану бойынша 50-ден аса ғылыми еңбектердің, соның ішінде 3 монографияның, 2 оқу құралының авторы. Екі тілде дәріс оқиды. Қазақ тілінде әлеуметтанудың оқу пәні және ғылым ретінде дамуына елеулі үлес қосуда. Еңбек әлеуметтануы, экономикалық әлеуметтану, әлеуметтанулық зерттеулердің әдісі мен әдістемесі, жастардың жұмысқа орналасу стратегиялары, мамандық таңдау және кәсіби траектория құру және т.б. мәселелерді зерттеумен айналысады. Еңбек тәжірибесі – 20 жыл. ҚР БжҒМ грантының қатысушысы; «Жастардың кәсіби потенциалы ҚР-да интеллектуалдық ұлт қалыптастыру тұрғысынан: аймақтық социологиялық зерттеу» (2015-2017 жж.). ҚРҒжЖБМ грантының қатысушы АР 14870735 «Қалалық және ауылдық мектептердегі жоғары сынып оқушыларының кәсіби қалауларын өзгерту: салыстырмалы әлеуметтанулық талдау» (2022-2024 жж.). Жетекші ғылыми қызметкер. Бірнеше шетелдік озық жоғары оқу орындарда ғылыми тағылымдамалардан өткен.
assel.sarsenova@inbox.ru