Әлеуметтану
Әлеуметтану пәні қоғамның әлеуметтік жағдайын теориялық тұрғыдан түсінуге, сипаттауға және жүйелеуге, тәжірибелік тұрғыдан деректер жинауға мүмкіндік береді.
Қоғам күрделі әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастар жүйесінен тұрады. Мұндай байланыстар өзара серіктестікке, ынтымақтастыққа негізделіп, жасампаздыққа немесе қарама-қайшылықтар мен дау-жанжалдық ситуациялардың әсерімен қиындықтарға да алып келуі мүмкін. Әлеуметтанудың мақсаты - түрлі әлеуметтік байланыстардың қалыптасу заңдылықтарын түсіндіріп, дауларды шешудің тиімді жолдарын көрсету. Әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастардың қалыптасу сипаты адамдардың құндылықтарымен, өмірге деген көзқарастарымен, мәдениетімен, психологиясымен анықталады және олардың қалай қалыптасатындығы әлеуметтік жағдайға белгілі бір деңгейде байланысты. Сондықтан да әлеуметтануды оқу арқылы өзімізді, өзіміз өмір сүріп отырған ортаны, түрлі топтарды, олардың әлеуметтік психологиясын, мәдениетін, түрлі ситуацияда қандай әрекетке дайын болатындығын түсіне аламыз.
Саясаттану
Бұл курс қоғамдағы саясаттың табиғатын, оның орны мен рөлін түсініп, саясаттың қыр-сырын білгісі келетін кез келген жастағы білім алушыларға арналған. Бұл пән қоғамның саяси саласы туралы жүйелі білім беріп, азамат ретінде саяси үрдістер мен институттар жұмысына қатысуға және бағалауға, талдау мен болжауға қажетті дағдыларды қалыптастырады.
Мәдениеттану
«Мәдениеттану» курсы елімізде қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша міндетті пәндердің қатарына енеді. Курс студенттерге осы пәнді оқытуда озық әлемдік және отандық оқыту тәжірибесіне негізделеді. Онлайн курста авторлық дәрістермен қатар қосымша материалдар, слайдтар, тапсырмалар, оқыған материалды пысықтайтын тестілер және қорытынды емтихан тестілері келтірілген. Курсты игеру нәтижесінде студенттер қазіргі мәдениеттанудың негізгі ұғымдары, категориялары және қағидаттарымен, әлемдік мәдениеттер және өркениеттердің басты құндылықтарымен, Қазақстан мәдениетіндегі тарихи және заманауи үдерістермен таныса алады.
Психология
«Психология» курсын оқу барысында сіз алатын білімдер, атап айтсақ, тұлғаның психологиялық табиғаты, ұлттық сананың психологиялық негіздері сияқты сұрақтар қоғам мүшесі ретінде аса қажет, осы курста сізге бағдар бере алатын теориялық-практикалық білімдер өмірде сәттілікке жетуге, бәсекеге қабілетті болуға үйретеді.
Теориялық зерттеулер, практикалық психологиялық жаттығулар, көптеген психологиялық әдістер «Мен кіммін?» деген негізгі ішкі сұраққа жауап алуға сізді бағыттайды.
Өзіңіздің психологиялық портретіңізді жасайсыз, қоршағандармен позитивті қарым-қатынас жасау психотехнологияларын игересіз, қазіргі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында өзіңіздің психологиялық денсаулығыңызды нығайта аласыз.
Күнделікті өміріңізде өтіп жатқан жағдайларға орай стресстік күйіңізді өзгерте алатын стресс-менджмент, эмоциялық интеллект, әлеуметтік интеллект пен имиджді қалыптастырудың негіздеріне бағдарланған психологиялық семинар-тренигтік бағдарламаларды игересіз, өзіңізге психологиялық көмек беруге машықтанасыз.
Ең бастысы сіз өзіңіздің мотивациялық және эмоциялық әлеміңізді тани отырып сіз позитивті жаққа қарай өзгересіз, өзіңізді жеңесіз, сіз сәтті, ұтқыр, динамикалы, интеллектік әлеуеті жоғары, мықты, бәрі сізге қызыға қарайтын тұлғаға айналасыз.
Тұлға құрылымындағы Мен-концепциясын игеріп, өзіңізді адекватты бағалау мен құрметтеуге жол тартасыз!
- 1-ОН: қазақстандық қоғамдағы этикалық және құқықтық нормалар, қоғамдық, іскерлік, мәдени құндылықтар жүйесіне тең келетін түрлі қарым-қатынастағы әртүрлі жағдайларды сараптау.
- 2-ОН: нақты мәселелерді талдау үшін әдіснамалық таңдауды негіздеу және қоғамды зерттеудің әртүрлі жолдарын айыра білу.
- 3-ОН: ғылымның әлеуметтік-гуманитарлық түрі немесе басқа да ғылымдар саласында қоғамдағы нақты жағдай қатынасын бағалау, болатын қауіп-қатерді ескере отырып оның даму болашағын жобалай алу.
- 4-ОН: кәсіби әлеуметтегі, сонымен қатар, қоғамдағы шиеленістерді шешуде бағдарламалар жасай алу.
- 5-ОН: түрлі қарым-қатынас аясында зерттеу жобалық қызметтерін жүзеге асыра алу, қоғамдық бағалы ілімді түрлендіру (генерациялау), оны жобалау.